Студенттердің тұлғалық дамуын қолдау, көшбасшылық қабілеттерін арттыру  бағытындағы бастамалары аясында «Жасанды интеллект: салаларға әсері, студенттік жобаларға енгізу жолдары және тиімді құралдары» тақырыбында танымдық кездесу өтті.

Іс-шараның арнайы қонағы – қаржы технологиялары саласындағы әйелдер қауымдастығының (Women in Fintech) жетекшісі, BCC Bank сарапшысы, Qazaq IT Community бас директоры, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) «Үздік менторы – 2026» атағының иегері Айгерім Дәулетбекқызы Қилыбаева болды.

Кездесу барысында спикер білім алушыларға жасанды интеллект технологияларының қоғамдағы рөлі, түрлі салаларда қолдану мүмкіндіктері және цифрлық трансформация үдерістеріне ықпалы туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, студенттік ғылыми жобалар мен стартаптарды әзірлеу барысында жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданудың маңыздылығына тоқталып, білім беру, ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік бағыттарда пайдаланатын заманауи AI платформаларының мүмкіндіктерін таныстырды. Білім  алушылар спикермен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға  жауап алды. Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығы мен Qazaq IT Community арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде  ұсыныстар айтылды.

Аталмыш кездесу студенттердің  жасанды интеллект технологияларына қызығушылығын арттырып, олардың цифрлық сауаттылығын дамытуға, инновациялық жобаларын жүзеге асыруға және заманауи еңбек нарығының  талаптарына сай бәсекеге қабілетті маман қалыптасуына мүмкіндік береді.