Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен «Арманнан – брендке: Табысты кәсіпкердің шынайы оқиғасы» тақырыбында кездесу өтті.

Жиынның құрметті қонағы – «Lanzhou» мейрамханалар желісі мен KAZBRAND ұлттық реалити байқауының негізін қалаушы, Women Asia әйелдер қауымдастығының құрылтайшысы Гульбану Майгарина.

                                      

Кездесуде бизнесті бастау, жеке бренд қалыптастыру және көшбасшылық қасиеттерді дамыту жолдары талқыланды. Шара барысында Гульбану Есеновна: «Кәсіпкерліктегі табыс – тек қаржылық көрсеткіш емес, ол – үздіксіз ізденіс, тәуекелге бел буу және өз ісіңе деген адалдық. Студент қыздардың бойында сенімділік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру – болашақ бәсекеге қабілетті қоғамның кепілі», – деп атап өтті.

                                           

                                      

Өз кезегінде Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева университет қабырғасында мұндай тұлғалармен жүздесудің маңызына тоқталды: «Табысты кәсіпкерлермен кездесу студенттерге теориялық білімді өмірлік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Университет үшін әрбір студент қыздың білікті маман болуымен қатар, дербес көшбасшылық тұлға ретінде қалыптасуы – басты басымдық».

                                      

      Іс-шара аясында Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығы Гульбану Майгаринамен студенттердің кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыру және ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. Кездесу соңында студенттер өзге де өзекті сұрақтарына жауап алды.