Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тұлға қалыптастыру департаментіне қарасты Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен QyzPU-дың «Жасыл ел» еңбек жасағы мүшелері қайырымдылық акциясы аясында «Алматы облыстық №1 балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы барды.
Іс-шараның мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау, мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ студент жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру болды.
Шара аясында балаларға тәтті сыйлықтар мен балмұздақ таратылды. Арнайы шақырылған аниматорлар бүлдіршіндерге арнап танымдық ойындар, интерактивті және шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырды. Сонымен қатар QyzPU студенттері балалар үйі ғимаратын абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына белсене қатысып, бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын аумақтарды ретке келтіруге қолғабыс етті.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы он жылдан астам уақыт бойы студенттерді көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына тартып, мемлекеттік жастар саясатын нәтижелі жүзеге асырып келеді. Бағдарлама 1–4 курс студенттерін еңбекпен қамтып, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуды, сондай-ақ бойларында экологиялық мәдениетті, отансүйгіштік пен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат етеді.
Бұл қайырымдылық бастамасы студенттердің азаматтық белсенділігін танытып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ 10: Теңсіздікті азайту және ТДМ 17: Серіктестік) іске асыруға қосқан нақты үлесі болды.
