Ұлттық домбыра күніне орай Тұлға қалыптастыру департаменті мен Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығы білім алушылардың тұлғалық дамуын қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Домбыра – ұлттың үні» атты мазмұнды кездесу ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекенің жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, қазақ халқының болмысын айшықтайтын маңызын, сондай-ақ қасиетті аспаптың еліміздің әлемге танылатын бірегей бренді екенін ерекше атап өткен болатын.
Осы атаулы күн аясында өткен шараның құрметті қонағы ретінде Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, еңбек сіңірген қызметкер, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Қаскелең мәдениет колледжінің директоры Ақбасов Саят Қырғызбайұлы шақырылды.
Кездесу барысында домбыраның ұлттық болмысты сақтаудағы орны, қазақ мәдениетінің бүгінгі даму бағыты, өнердегі ізденіс пен кәсіби қалыптасудың маңыздылығы жан-жақты талқыланды. Спикер мәдениет саласындағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп:
«Шығармашылық жолында кездесетін сын-қатерлерді еңсеру үшін үздіксіз ізденіс пен еңбекқорлық қажет. Мақсатқа жету тек еңбекпен келеді. Сонымен бірге, жас ұрпақ тәрбиесінде және олардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамытуда ұлттық өнердің атқаратын рөлі ерекше», – деді.
Білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өнер саласының майталманымен еркін пікір алмасты. Домбыра өнерін дамыту, ұлттық мәдени мұраны насихаттау, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау мәселелері төңірегінде мазмұнды пікірлер айтылып, тәжірибелік кеңестер берілді.
Бұл шара білім беру сапасын арттыруды көздейтін 4-ТДМ және жаһандық мәдени мұраны қорғап, дәріптеуді қолдайтын 11-ТДМ аясында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.
