Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық – болашақ көшбасшының өмірлік ұстанымы» тақырыбында мазмұнды мотивациялық кездесу өтті.

 Шараның басты назары ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеуге бағытталып, кездесудің құрметті қонағы ретінде белгілі өнер қайраткері, әнші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының профессоры Жанпейісов Нұржан Қабимолдаұлы шақырылды.

                                      

                                      

Көрнекті өнер иесі кездесу барысында жиналған қауымға ән шырқап, ұлттық аспаптың қасиеті мен дәстүрлі музыканың мән-маңызын тереңнен толғады. Спикер мәдениет саласындағы көпжылдық шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық өнердің адам болмысын қалыптастырудағы, елдік сананы нығайтудағы және жастардың рухани дүниесін байытудағы рөліне ерекше тоқталды.

                                      

Шараға білім алушылар мен құрылымдық бөлімнің басшылары қатысты. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәлімгерден өмірлік тәжірибеге негізделген тағылымды жауаптар алды.

                                      

                                      

                                      

Айта кетейік, университет осындай өнерді бағалайтын, оны дәріптейтін және заман талабына сай білікті мамандарды даярлауға толық мүмкіндік береді. Студенттердің шығармашылығын шыңдау мақсатында мұнда «Айгүл» вокалды-инструменталды ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Ұлар» және «ViVA» этно-фольклорлық топтары, сондай-ақ «Нәзік» жетігеншілер ансамблі, оркестр мен хор ұжымдары тұрақты қызмет көрсетеді.