Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің комплаенс-офицері Әнуар Әбдірахманұлы Тұлға қалыптастыру департаменті мен Академиялық саясат және сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Іс-шараға университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен мамандары қатысты.
Кездесудің мақсаты – білім ордасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүйелі түрде талдау жасау және олардың алдын алу жұмыстарын үйлестіру.
Жиын барысында қызметтің ашықтығын арттыру, заңдылық қағидаттарын сақтау және тиімді корпоративтік басқаруды қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Әсіресе, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жаңа заңнамалық талаптар мен құқықтық нормалар аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушылар болашақ педагогтарды даярлайтын оқу орнында құқықтық мәдениетті, адалдық пен адам құқығы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағытына сәйкес келіп, сыбайлас жемқорлықты азайтуға және барлық деңгейде тиімді, есеп беретін әрі ашық институттарды құруға бағытталған.
