QyzPU Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өмір – біртұтас жүйе: мансап, қоғамдық жобалар мен спортты үйлесімді ұштастыру жолдары» атты мотивациялық кездесу студенттер үшін нағыз мүмкіндіктер алаңына айналды.

Жиынның басты қонағы, NNEF ұйымының цифрлық трансформация жөніндегі директоры (CDTO), IT-архитектор, Қазақстандағы IT-архитекторлар қауымдастығының тең құрылтайшысы, Women in Tech Kazakhstan қауымдастығының өкілі Лаура Саламат қатысушылармен кәсіби дамудың заманауи тетіктері туралы жан-жақты талдады.

Спикер өз сөзінде IT индустриясының қыр-сырын аша отырып, мамандық таңдаудағы негізгі критерийлер мен уақытты тиімді басқарудың маңыздылығына тоқталды. Ол өмірді тек бір бағытпен шектемей, мансаптық өсуді қоғамдық белсенділікпен және тұлғалық тәртіпті қалыптастыратын спортпен қатар алып жүрудің тиімді формуласын ұсынды. Лаура Саламаттың пайымдауынша, әрбір табысты қадамның артында басымдықтарды дұрыс анықтау мен үздіксіз ізденіс жатыр.

Кездесу барысында студенттер жеке тиімділікті арттыру мен цифрлық әлемде өз орнын табу бойынша құнды кеңестер алып, болашақ кәсіби жоспарларын айқындауға мүмкіндік алды.