Қазақстан шахмат федерациясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жастар саясаты орталығымен бірлесе отырып «Білім берудегі шахмат» атты республикалық конференция өткізді.

Жиынның мақсаты – мектеп бағдарламасына шахматты енгізудің аралық қорытындыларын шығару және өскелең ұрпақтың сыни ойлауы мен эмоционалды интеллектін дамытуға көмектесетін заманауи әдістемелерді талқылау.

Қазіргі уақытта «Білім берудегі шахмат» жобасы республика бойынша 1500 мектептің 1-3 сыныптарын қамтып үлгерді. Сонымен қатар, еліміздің 7 жетекші университетінде, соның ішінде QyzPU базасында «Шахмат педагогі» атты арнайы MINOR бағдарламасы енгізілді. Осы бастаманың арқасында 204 болашақ бастауыш сынып мұғалімі шахмат оқыту әдістемесін толық меңгеріп шықты.

Іс-шараға Алматы қаласы мен Алматы облысынан 150-ден астам мектеп басшылары, ұстаздар және білім басқармаларының өкілдері қатысты.

Конференция барысында Қазақстан мектептерінде шахматты факультативтік және негізгі пән ретінде енгізу бойынша пилоттық жобаны кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылып, ғалымдар шахмат сабақтарының оқушы үлгеріміне, әсіресе математика мен логика (STEM) пәндеріне тигізер оң әсері туралы дәлелді мәліметтерді ортаға салды.

«Мектептегі шахмат – бұл жай ғана ойын емес, бұл қуатты білім беру құралы. Біздің QyzPU-мен бірлескен міндетіміз – әрбір мұғалім бұл құралды сыныпта тиімді пайдалана алуы үшін тұрақты әдістемелік база құру», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері.

Айта кетейік, осы стратегиялық серіктестік аясында университетте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен KazChessLab инновациялық зертханасы жұмыс істеп тұр.