Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен студенттерге арналған «Бастау, тәуекел, жеңіс: кәсіпкерлік жолдағы шешуші факторлар» мотивациялық-танымдық мастер-класс өтті.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалыптастыру, бизнес бастауға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту арқылы олардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал ету.

Кездесудің басты қонағы ретінде кәсіпкер, қаржыгер Әбдіхалықова Шолпан Асқарқызы студент қыздарға жігер бере отырып, табысқа жетудің басты кепілі — темірдей тәртіп, қажырлы еңбек пен шыдамдылық екенін өз тәжірибесімен бөлісті. Спикер «қолымнан келмейді» деген сөзді санадан өшіріп, жауапкершіліктен қашпауға шақыра отырып, отбасы мен үлкен бизнесті қатар алып жүрудің шынайы үлгісін көрсетті және кез келген биікті бағындыру әр адамның өз қолында екенін нық сеніммен жеткізді.

Шолпан Әбдіхалықова еліміздегі алғашқы ірі гранит зауытының негізін қалаған кәсіпкер, қаржыгер, QazGranit гранит зауытының президенті, Respublica партиясының Алматы қалалық филиалының төрайымы, «Адал Азамат» премиясының иегері.

Аталған бастама жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына серпін беріп, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
