Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен «Студенттік өзін-өзі басқару күні» студенттер университет әкімшілігі мен оқытушылардың қызметін атқарды. Өз кезегінде, оқытушы-профессорлар құрамы үшін «Әдістемелік күн» ретінде жарияланып, кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған ауқымды семинарларға қатысты.

                                        

Іс-шараның мақсаты –  университеттің стратегиялық даму бағыттарын айқындау, білім беру үдерісі мен ғылыми әлеуетті жетілдіру, сондай-ақ заманауи медиакеңістікте оқытушылардың кәсіби имиджін қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту.

                                        

Семинар бағдарламасы аясында университеттің басшылық құрамы мен салалық проректорлары өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасап, воркшоп өткізді. Атап айтқанда:

  • Білім беру үдерісін жетілдіру: Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен алда тұрған міндеттерді талдап, оқу процесін заманауи талаптарға сай трансформациялау жолдарын ұсынды.
  • Стратегия және ғылым: Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы университеттің стратегиялық басымдықтары мен ғылыми әлеуетін арттырудың тетіктерін жан-жақты көрсетіп берді.
  • Медиасауаттылық және имидж: Әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректор Жұманқұлова Еркін Нұрсағатқызы медиасауаттылықты дамыту – ұжымның жетістіктерін насихаттау мен университет беделін нығайтудың маңызды құралы екеніне тоқталды.
  • Халықаралық ынтымақтастық: Басқарма төрағасы – Ректордың кеңесшісі Жекенов Думан Құрманғазыұлы халықаралық байланыстарды нығайтудың маңызын және оқытушылар үшін ашылатын жаңа жаһандық мүмкіндіктерді таныстырды.

                                        

Оқу-әдістемелік жиынға Педагогика және психология, Филология, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер, Физика, математика және цифрлық технологиялар, сондай-ақ Жаратылыстану факультеттерінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Мұндай семинарлар сериясы университет ұжымының ішкі коммуникациясын нығайтып, академиялық ортадағы инновациялық бастамаларға серпін береді.