Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан – таза университет» бастамасының негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, оқытушылар мен студенттердің азаматтық белсенділігін арттыру және қоршаған ортаны абаттандыру арқылы қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Аталған экологиялық шараға университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбітгүл Сәрсемханқызы бастаған оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері белсене қатысты.

Сенбілік барысында оқу орнының аумағы қоқыстан тазартылып, гүлзарлар ретке келтіріліп, ғимараттар мен жатақханалардың айналасы абаттандырылды. Сонымен қатар, оқу аудиторияларында тазалық жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, QyzPU студенттері Төле би мен Қожамқұлов көшелерінің қиылысындағы белгіленген аумақты тазарту жұмыстарына қатысты. Жастар арнайы бөлінген аумақты кепкен жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтардан толық тазартып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Айта кету керек, бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар, қоғамда табиғатқа деген жауапкершілік пен жанашырлықты арттыруды көздейді.
