19 ақпан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған салтанатты кеш өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ақынның бай рухани мұрасын дәріптеу, оның өшпес поэзиясы арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық сана-сезімін ояту.

Әдеби-музыкалық кешке  Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова, ақынның ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұлдыз Мұқағалиұлы, келіні Бақытгүл Айдарова, мұқағалитанушы ғалым, физика пәнінің мұғалімі  Тілеухан Мергенбаева, «Мұқағали» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Дүйсен Мағлұмов қатысты.

Бағдарлама аясында студенттер Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның  сөзіне жазылған әсем әндер шырқады. Ақынның өмірі мен тағдырынан сыр шертетін бейнематериалдар мен театрландырылған көріністер қойылды.

Мерекелік кеш ұлттық поэзия мен мәдениеттің қадір-қасиетін сезіндіріп, студенттер мен қатысушыларға ой-пікір алмасуға, шығармашылық таланты мен эстетикалық талғамын дамытуға мүмкіндік берді.