Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Тохтар Болысовтың қатысуымен “Мақсат пен мағына: өз жолыңды қалай табуға болады?” тақырыбында мотивациялық кездесу өтті. Шараны Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылардың көшбасшылық және кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, жеке және кәсіби дамуға ынталандыру, стратегиялық ойлау қабілетін қалыптастыру және белсенді азаматтық ұстанымды нығайту болды.
Тохтар Болысов өз сөзінде заманауи қоғамдағы білімнің рөліне, басқару мәдениетіне және табысты мансап
қалыптастыру тетіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жауапкершілік пен жүйелі еңбектің маңызы, үздіксіз білім алу қағидаттары жөнінде нақты мысалдар келтіріп, тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу барысында студенттер спикерге өз сұрақтарын қойып, кәсіби бағдар, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік бастамалар және жеке даму стратегиялары бойынша пайдалы кеңестер алды. Ашық диалог форматындағы еркін пікір алмасу қатысушылардың белсенділігін арттырып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтты.
Мотивациялық кездесу университет білім алушыларының тұлғалық және кәсіби дамуына серпін беріп, олардың қоғамдағы белсенді, жауапты әрі бастамашыл азамат ретінде қалыптасуына ықпал етті.