Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығы студенттердің тұлғалық дамуы мен коммуникативтік дағдыларын арттыру мақсатында танымдық-мотивациялық мастер-класс ұйымдастырды.
Іс-шараның құрметті қонағы ретінде белгілі AI сарапшысы, NEO AI компаниясының негізін қалаушы Айдын Маутхан шақырылды.
Мастер-класс тақырыбы – «AI ассистентті интеллектуалды көмекші ретінде дамыту технологиялары» болды. Спикер мастер-класс барысында жасанды интеллект негізінде AI ассистенттерді құру және дамыту жолдары, олардың білім беру мен кәсіби қызметтегі рөлі, сондай-ақ цифрлық ортада тиімді пайдалану әдістері туралы мазмұнды әрі практикалық ақпарат ұсынды.
Қатысушылар AI ассистенттердің жұмыс істеу принциптерімен танысып, оларды оқу, ғылыми зерттеу және жобалық жұмыстарда қолдану тәсілдерін, жеке өнімділікті арттыруға арналған AI құралдарын, сондай-ақ интеллектуалды көмекшілерді тиімді пайдалану арқылы кәсіби дағдыларды дамыту жолдарын меңгерді.
Мастер-класс заманауи технологияларды саналы қолдануға, цифрлық құзыреттілікті арттыруға және болашақ мамандықтарға бейімделуге бағытталған практикалық форматта өтті.
Іс-шара БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бағыттарымен үндеседі: 4 – сапалы білім, 5 – гендерлік теңдік, 8 – лайықты жұмыс және экономикалық өсу.