Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында «Заң және тәртіп: қоғамның талаптары» тақырыбында мазмұнды кездесу өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау қағидаттарын насихаттау, қоғамдық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылау болды.
Кездесуге Басқарма Төрағасы - Ректор Бейбіткүл Кәрімова, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы, Қоғамдық даму орталығының басшысы Ләззат Акильжанова, Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Ерназар Саймасай, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел-уәкілі полиция аға лейтенанты Батырхан Расылхан және университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кездесу барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова алғысөз сөйлеп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның тұрақты дамуының негізі екенін атап өтті.
«Заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, киберқылмысқа қарсы иммунитет қалыптастыру бәріміздің ортақ міндетіміз. Мұғалім тек тәлім үйретуші емес, заңға құрмет пен тәртіп мәдениетін сіңіретін тұлға. Бүгінгі кездесудің мазмұнды әрі нәтижелі өтетініне сенімдімін», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Жиын барысында қазіргі қоғамдағы құқықтық тәртіптің маңызы, азаматтық жауапкершілік, киберқылмыстың алдын алу, интернет қауіпсіздігі, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының басшысы Ләззат Акильжанова өз сөзінде «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Заң және тәртіп» идеологиясы аясында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында студенттерге ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізіледі. Жыл басынан бері 15-тен аса іс шара өткізілді. Бұл шаралар цифрлық қауіпсіздікті нығайту, қоғамдағы құқықтық тәртіптің маңызын түсіндіруге бағытталған»,– деді ол.
Шара қорытындысында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен шара қатысушыларға құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік берді.