«Заң және тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 1–4 курс студенттеріне арналған «Құқық және жастар: саналы азамат мәдениеті» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтау жауапкершілігін күшейту. Кездесу барысында жастардың құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі заманауи қауіп-қатерлер мен киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл жолдары кеңінен талқыланды.
Кездесудің спикері — Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полицияның аға лейтенанты Шыңғысхан Тыныштықұлы Ибрагим.
Спикер интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, киберқауіпсіздік ережелері, онлайн ортадағы құқықбұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік және цифрлық кеңістікте саналы мінез-құлық қалыптастырудың маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Аталған іс-шара студенттерге, жастар белсенділеріне және студенттік өзін-өзі басқару өкілдеріне арналды және саналы, заңға бағынатын, әлеуметтік жауапты азамат қалыптастыруға бағытталды.