Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Дінмұхамед Қонаев атындағы төсбелгінің және «Құрмет» орденінің иегері, лирикалық ән өнерінің көрнекті өкілі Нұржамал Әшімханқызының «Өмірімді өнеріммен кестеледім» атты шығармашылық ән кеші өтті.
Бұл рухани кеш өнер иесінің әнмен өрілген тағдыр жолына, сахнаға деген адалдығы мен тыңдарманға көрсеткен шынайы құрметіне арналды. Лирикалық ән жанрының нәзік болмысын терең сезіне білген әншінің шығармашылығы көрерменді жүрек пен сезім әлеміне жетелеп, ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық ән өнерін насихаттау, лирикалық ән жанрының көркемдік-эстетикалық құндылығын дәріптеу, өнерге ғұмырын арнаған тұлғаның шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, сондай-ақ жас ұрпаққа рухани тәрбие беру.
Шығармашылық кеш барысында Нұржамал Әшімханқызының орындауында «Наз», «Сағым жылдар», «Жан әпке», «Ұмытпадым», «Ағайын дос» және өзге де сырлы, мағыналы әндер шырқалды. Сонымен қатар кеш аясында өнер иесінің өмір жолы, шығармашылық таңдауы, ұстаздық қызметі мен болашаққа деген көзқарасы туралы мазмұнды сұхбат өрбіді.
Кеш қонақтары қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова, мәдениет саласының үздігі, актриса әрі әнші Зура Ахмадиева, әнші Бибігүл Сағат, сондай-ақ өнер иесінің шәкірттері мен жас өнерпаздар болды. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықты айшықтаған тағылымды әрі мазмұнды кездесу болды.
Шара Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №32 кітапхана мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жастар саясаты орталығымен бірлесе ұйымдастырылды. Кеш өнерсүйер қауымға, зиялы қауым өкілдеріне, тұрақты оқырмандар мен қонақтарға рухани байлық пен әсем әуенге толы әсер сыйлады.