Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесе отырып, «Қоғамдағы құқық тәртібі идеологиясын ілгерілетудің 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң және тәртіп» атты кеңейтілген кездесу ұйымдастырылды. 

Шараның басты мақсаты – жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, құқықтық мәдениетті нығайту, заңға құрметті қалыптастыру және қауіпті жағдайлардың алдын алу жөнінде кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Шараға аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, 1-курс студенттері және белсенді жастар қатысты.

Кеңейтілген дөңгелек үстелді модератор, комплаенс маман Әскербек Әнуар жүргізді. Ол мұндай шаралардың өтуі жастар үшін маңызды екенін атап өтті.

«Заң мен тәртіптің дұрыс үйлесімі – қоғамның дамуына, өздеріңіздей жастарымыздың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады. ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесулер ұйымдастырылуда», - деді ол.

Кездесу барысында Алматы қаласы Наурызбай ауданы прокурорының орынбасары Күнғожинов Қанат Әуелбекұлы және  Университеттің әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректоры Еркын Жуманкулова баяндама жасады. Жастарға құқық бұзушылықтың салдары, қылмыстық жауапкершілік, алаяқтық, киберқауіпсіздік, вейп өнімдерін заңсыз сату мәселелері жөнінде ақпарат берілді.

«Бүгінгі күні университетімізде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кураторлық тақырыптық тәрбие сағаттары, лекциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, байқаулар, пікірсайыс турнирлері өткізілуде. Жалпы әрқайсымыздың заңды білуіміз және оны орындай алуымыз, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі», – деді проректор. 

Іс-шара студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруға, олардың жауапкершілігін арттыруға және заңға деген құрметті нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.