Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен студенттер үшін «Арман Дала» демалыс лагерінің тәлімгерлерімен кездесу өтті.
Шараның негізгі мақсаты – болашақ педагогтардың кәсіби және тұлғалық дамуына қолдау көрсету, тәлімгерлік қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру және көшбасшылық қабілеттерін дамыту.
Кездесудің құрметті қонақтары – «Арман Дала» балаларды сауықтыру орталығының директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Утилов Базыл Тағанбаевич және орталықтың аға жетекшісі Қабдулбариев Диас Алмазұлы болды. Қонақтар студенттерге лагерь жұмысының құрылымы, тәлімгерлердің рөлі және балалармен тиімді коммуникация орнатудың әдістері жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара барысында студенттер лагерь ұсынған жаңа жобалармен және жазғы маусымдағы кәсіби тәжірибе мүмкіндіктерімен танысып, командалық жұмыс, жауапкершілік, көшбасшылық пен шығармашылықтың маңызы туралы пікір алмасты. Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тәлімгерлік бағыттағы нақты кеңестер алды.
Университет «Арман Дала» балаларды сауықтыру орталығымен 3 жылдан бері келісімшарт негізінде үздіксіз ынтымақтастық орнатып келеді. Биыл да орталық студенттерімізге 19 қарашадан бастап тегін курсқа қатысу мүмкіндігін ұсынып отыр. Курсты сәтті аяқтаған студенттер ақылы түрде сабақтан тыс уақытта жұмысқа орналасып, тәлімгерлік бағытта тәжірибе жинақтай алады.
Бұл іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес өткізіліп, әсіресе IV мақсат – «Сапалы білім» және VIII мақсат – «Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу» бағыттарына үлес қосты.
