Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен оқытушылар мен студенттерге арналған «Жасанды интеллект – білім берудің жаңа дәуірі» атты мазмұнды шеберлік сабағы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізудің өзектілігін талқылап, оқу үдерісін жетілдіру мен білім сапасын арттырудағы маңызын айқындау болды.
Шеберлік сабақтың спикері – Куракова Жансая, физика пәнінің мұғалімі, жасанды интеллект саласының эксперті. Шара барысында қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру саласындағы заманауи трендтерімен танысып, ChatGPT, Copilot, Canva AI секілді құралдарды оқу процесінде, ғылыми жобалар мен стартаптарда тиімді пайдаланудың нақты жолдарын үйренді.
Спикер қатысушыларға жасанды интеллектті практикалық тұрғыда қолдану тәсілдерін көрсетіп, жаңа технологиялардың көмегімен оқу үдерісін жандандырудың мүмкіндіктерін паш етті. Тыңдаушылар өз тәжірибесінде цифрлық құралдарды енгізу арқылы сабақ сапасын арттыру мен кәсіби әлеуетті дамыту жолдарын талқылады.
Шара соңында қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру кеңістігін түбегейлі өзгертуге қабілетті қуатты құрал екенін атап өтіп, инновациялық ойлау мен креативті шешім қабылдау мәдениетіне жаңа қадам жасады.
Айта кетейік, бұл мастер-класс БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үндесіп, IV мақсат – “Сапалы білім”, VIII мақсат – “Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу”, сондай-ақ XVII мақсат – “Тұрақты даму үшін серіктестік” бағыттарын қамтыды.
